Ол ижтиһад жасауға арналған мәселелерді қалайша құрастыратыны және жазып алатыны туралы

Имам Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, ижтиһад(1) жасауға арналған мәселелерді құрастырудың өз әдістемесін жасап шығарды, ал ол төмендегідей еді. Өз шәкірттерімен кездескенде, ол олардың ішіндегі білгірлеріне белгілі бір мәселені қарап шығуды ұсынатын, осы орайда олардың әрбірі өздерінің дәлелдерін ұсынуға және өзінің көзқарасын қолдауға арналған, оның пікіріне сәйкес қажет болған дәйектер келтіруге тиіс еді. Содан соң Абу Ханифа шәкірттерінің айтқандарына пікірін білдіретін, оларды Құран мен Сүннетке немесе ақылдың дәйектеріне жасалған сілтемелермен нығайтатын және дұрыс шешім тапқандарының пікірлерін мақұлдайтын. Кейде осындай бір сұрақты құрастыру үшін бірнеше күн кететін. Мұндай білім беру еркін сипатқа ие болатын, отырғанның барлығының пікірлері тиісті құрметпен тыңдалатын, ал талқылау шәкірттердің зердесіне қажетті қорек болатын және сонымен бірге ұстаздың білімдері мен мәртебесін сызып көрсететін және осындай әдіспен фиқһ саласынан белгілі бір мәселе шешілген соң, оны жарамсыз деп айту түгілі, сынға алудың өзі қиынға түсетін, ал тура жолға салып, игілікке жеткізуші тек Аллаһ.
Әл-Мууаффақ әл-Мәкки былай деген: «Өз мәзһабының(2) ережелерін жасап шығаруда Абу Ханифа, Аллаһ Тағала оны рахым етсін, өзінің шәкірттерімен және ізбасарларымен кеңесетін және тек қана өзінің ұйғарымымен ғана әрекет жасамайтын. Бір мәселеден соң басқа мәселені қарап, ол олардың әрбірін жан-жақты талқылайтын, өз ізбасарларының пікірін тыңдайтын, өзі пікір білдіретін және олармен пікір сайыстар жасап, белгілі бір тұжырым толығымен анық болмайынша оларды бір айға дейін және одан да көбірек уақытқа созатын, ал содан соң оны қады Абу Йусуф жазып алатын. Ал егер қандай да бір мәселе Абу Ханифаға, Аллаһ оны рахым етсін, қиын болып көрінсе, ол өзінің ізбасарларына: «Себеп тек менің қандай да бір күнә жасағанымда болып тұр», — деп айтатын және Аллаһтан кешірім тілей бастайтайтын, ал кейде бірден намазға кірісетін де, сол арқылы шешімді табатын және содан соң: «Менің тәубем қабыл етілген деп үміттенемін», — деп айтатын.
Бұл жөнінде әл-Фудәйл бин Ийяд естіген кезде қатты жылап, ал соңынан: «Бұл онда күнәлар аз болғандығынан, ал басқалар бұған көңіл бөлмейді!», — деп айтқан екен».

Ескертпелер:

  1. Ижтиһад — ғалымға Құран мен Сүннетте тікелей нұсқауы болмаған діни-құқықтық мәселелерді дербес түрде шешуге құқық беретін ғалымдықтың жоғары дәрежесі. Ижтиһадпен тек араб тілін жетік білетін, Құранды және оның тәпсірлерін толық жатқа білетін, Сүннетті және оның түсіндірмесін жақсы меңгерген, сондай-ақ басқа да бірқатар талаптарға жауап беретін тұлғалар ғана айналыса алады.
  2. Мәзһаб — белгілі бір ғалымның діни-құқықтық мектебі. «Мәзһаб» сөзі «бару», «кету» дегенді білдіретін «заһаба» деген араб түбіріне жатады. Сондықтан да діндегі біреудің пікіріне негізделген кез келген бағыт «мәзһаб» деп аталып кеткен. Әл-Фәйюми «Мисбәх әл-мунирде» 1/211 былай деген: «Араб тілінде «пәленнің мәзһабымен жүру» деген оның жолымен және бағытымен жүру дегенді, ал «дінде пәлен деген адамның мәзһабымен жүру» деген діни мәселелерде оның пікіріне ілесу дегенді білдіреді».